Шұғыла Тұрлыбек жаңа жылдық мерекелер қарсаңында полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына бақылауды күшейткенін атап өтті. Оның айтуынша, 15 желтоқсаннан бастап республикада орман қорғау органдарымен бірлесіп жас қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, жинау, тасымалдау және сату фактілерін анықтау және жолын кесуге бағытталған іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Сонымен қатар жолдарда, базарлар мен басқа да орындарда бақылауды күшейту үшін 300-ден астам мобильді топ құрылып, елді мекендерде қылқан жапырақты ағаштарды белгісіз жерлерде сатуға тыйым салатын тексерулер жүргізіліп жатыр.
"Егер қылқан жапырақты ағаштарды сатуға рұқсаттың жоқтығы анықталса, сатушы жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл бап бойынша жаза жеке тұлғаларға ескерту немесе айыппұл салуды көздейді. Сомасы 15 АЕК (45 945 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 30 АЕК (91 890 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 50 АЕК (153 150 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін - 150 АЕК (459 450 теңге) мөлшерінде. Орманды заңсыз кесу анықталса, ҚР Қылмыстық кодексінде бас бостандығынан айырудың ең жоғары жазасы көзделген".Шұғыла Тұрлыбек
Алдын алу шарасы Жаңа жыл мерекесіне дейін жалғасады.
Қазақстанда 2022 жылы 1 АЕК 3063 теңге болды.