Мәжілістің жалпы отырысында ІІМ Марат Ахметжанов Қаңтар кезінде жағдайды пайдаланған шабуылшылардың тағы бір бөлігі қаланың әр жерінде погромдар мен тонауға кіріскенін айтты. Олар мемлекеттік органдардың ғимараттарын басып алып, қаржы ұйымдарын, банк терминалдарын, айырбастау құрылғыларын тонап кеткен. Сонымен қатар қала тұрғындарынан тартып алынған техникалар мен көліктерді пайдаланған.
"1466 ғимарат, оның 1395-і кәсіпкерлік нысаны, 71-і мемлекеттік мекемеге шабуыл жасалды. 1700 азамат зардап шекті. Кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залал – 100 млрд. Сол күннен бастап (5 қаңтар) аймақтарда төтенше жағдай режимдері мен коменданттық сағаттар енгізілді. 6 қаңтарда сағат 00.00-ден бастап терроризмге қарсы операция режимі жарияланды", - деді Марат Ахметжанов.
Министрдің сөзінше, бұл қысқа мерзім, яғни 6-7-8 қаңтар елдегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Дегенмен өкінішке қарай, 19 қызметкер қаза тапты. 3 037 полиция мен әскери қызметкерлер жарақат алды. 28-іне оқ тиіп, 177-нің сүйектері сынған. 111-нің денесі суық қарумен пышақталған. Көптеген қызметкер әлі де емделіп жатыр.
Жалпы полиция қаңтар оқиғалары бойынша 4 623 қылмыстық істі тергеді. Олардың көбі – адам өлтіру (91), ұрлық (2504), қару-жарақтың заңсыз айналымы (440), бұзақылық (368), бөтен мүлікті қасақана бүлдіру қылмыстары (188). 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. 5 мыңнан астам сараптама тағайындалды. Ұрланған мүліктің көбі тәркіленді. Қылмыстық істер бойынша 983 адам ұсталды. Оның 502-сі арнайы прокурорларға берілді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеңілдететін мән-жайлардың болуын ескере отырып – 255 адам босатылды. Бұл соттылығы жоқ және залалды өз еркімен өтеген азаматтар. Адамдардың көпшілігіне бас бостандығынан айырмайтын бұлтартпау шаралары қолданылды. Төтенше жағдай кезінде ауыр қылмыс жасағаны үшін 12 кәмелетке толмағандар анықталып, оларға қарсы бұлтартпау шарасы, бас бостандығынан айырмау шарасына өзгертілді. Жалпы тергеу қылмыстық процестің үш буынды моделіне сәйкес жүргізіліп жатыр, яғни тергеушілердің барлық негізгі шешімі прокурордың қадағалауы арқылы келісімінен және соттың бақылаумен өтеді". Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов
Министрліктің мәліметінше, бүгінде 631 айыпталушы сотқа жолданды. Олардың 132-сі – бас бостандығынан айырылды, ал қалғандары – шектеу, қоғамдық жұмыстар мен айыппұлдар салынды. Бірқатар күдіктілер жәбірленушілерге келтірілген залалды өз еркімен өтеді.