Іске №98 бағыттағы автобус жүргізушісі айыпталушы ретінде тартылды. Тергеу барысында анықталғандай, ер адам жол қозғалысы ережесін бұзып, 201-маршруттағы басқа автобуспен соқтығысып, жаяу жүргіншілер жолағындағы жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Үш айға жуық уақыт бойы полицейлер техникалық және медициналық тексерулер жүргізіп, апаттың себептерін анықтады. Осы уақыт аралығында күдікті қамауда болды.
Бүгін, 21 ақпанда аудандық сотта алдын ала тыңдау өтті. Басты сот отырысы 3 наурызға белгіленді.
2022 жылғы 8 қарашада Алматының орталығында Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында ірі жол апаты болып, екі жолаушы автобусы бір-біріне соғылды. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, 98-бағыттағы қоғамдық көліктің тізгінінде 35 жастағы жүргізуші болған, ол Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатқан. Ал Төле би көшесінің қиылысында бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп, шығыс бағытта келе жатқан басқа автобуспен соқтығысқан. Соққының күшті болғаны сонша, екі көлік те жаяу жүргіншілер келе жатұан тротуарға шығып кеткен. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы 21 адам зардап шекті.
Кейін полицейлер қайтыс болған жігіт тағылымдамадан өтіп жүргенін, апат кезінде ол автобус салонында болғанын анықтады.
Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
7 ақпан күні тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.