Жетісу облысындағы Қызылжар ауылы су астында қалды

Жетісу облысында жер үйлерді су басып жатыр. Күннің күрт жылынуынан қар тез еріп, Қызылжар ауылы су астында қалды. Жұрттың есебінше, 20-ға жуық үй тұруға жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған қоса, тұрғындар "жиған-терген мал азығы сумен ағып кетті" деп шағымданып отыр.

"Материалдық шығын көп. Көмір ағып кетті, екі тонна, малға беретін жемім ағып кетті. Малдың шөбі де кетті. Әкімдіктен көмек болған жоқ. Кеше түнімен ұйықтаған жоқпыз. Үйдің астына дейін су кірді. Ылғал".   Қызылжар ауылының тұрғыны Мұрат Байдолда

КТК телеарнасының хабарлауынша, Қызылжар ауылында мұндай жағдай алғаш рет болып тұрған жоқ. Осыдан 13 жыл бұрын тасқын болған екен.

 "Сол кезден бастап бұның бәрін қолға алу керек еді. Осы уақытқа дейін қақсап, айтып келе жатырмыз. Көпірді жасап қояды. Ол көпірге су сыймайды. Асады да кетеді. Айттық, ешкім қараған жоқ. Төменгі ауылды су басып жатыр. Үйде қарт әке-шешеміз отыр". Қызылжар ауылының тұрғыны Әлия Үсенбекова

Ал әкімдіктегілер "хабырымыз болмады" дейді, бірақ, жұрт айтқандай, 20 емес, 8 үйді су басқан екен.

"Қызыл судың ағып жатқан ағымы үш текше метр болса, қазір біреуіне түсті. Кешелі бері жүрміз. Кеше төрт үй болған. Бір үйдің көмірін, бір үйдің карбын ағызып кеткен, 500 келі. Егер керек болса, орнына алып береміз". Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: