Шымкентте екі полицей сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді

Шымкент қалалық полиция департаменті аудандық полиция басқармасының бөлім бастығы мен тергеушісі пара алды деген күдікке ілінді. Бұл жөнінде Zakon.kz басылымына Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство таратқан мәліметке сүйенсек, олар алдын ала сөз байласу арқылы қамауға алумен байланысты емес бұлтартпау шарасын тағайындау үшін қала тұрғынынан 500 мың теңге көлемінде пара алған деген күдікке ілініп отыр.

"Күдіктілер жасаған қылмысын мойындап, шынайы өкінді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген хабарламада.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Шымкент
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: