Қарағандыдағы балалардың жаппай улануы: Бас прокуратура мәлімдеме жасады

Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы балалардың улануына байланысты ҚР Бас прокуратурасы 1 тамыз күні мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, 2023 жылғы 31 шілде күні балалардың улану фактісі бойынша "Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" КММ ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұған қоса қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданғаны мәлім болды.

"Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шеңберінде жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі".ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

Ведомствоның мәліметінше, елімізде жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсететін 84 мекеме бар (37 балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 47 балалар үйі, сондай-ақ 2959 баланы қамтитын отбасын қолдау орталықтары).

"Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға аталған мекемелерді кешенді тексеруді ұйымдастыруды тапсырды", – делінген хабарламада.

1 шілде күні Қарағанды ​​облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында улану салдарынан бірнеше бала уланып, бір бала қайтыс болғаны жөнінде ақпарат тарады.

Әлеуметтік мекемедегі төтенше жағдайдың мән-жайын білу үшін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыға аттанды.


Қарағанды ҚР Бас прокуратурасы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: