Айта кету керек, науқастардың 27,7%-ы – ата-аналары екпе алудан бас тартқан және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар екпе алмаған балалар, 27,7%-ы – алған екпе туралы мәліметтері жоқ, ал 22,2%-ы – егу жасына толмаған балалар.
"Өткізілген іс-шаралар барысында ошақтарда 1884 байланысушы тұлға анықталды. Барлығы медициналық бақылауға алынды. Ошақтардағы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 48 адам қызылшаға қарсы егілді", - деп хабарлады ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Биыл 6 айда қызылшаға, қызамыққа, эпидпаротитке қарсы жоспарлы егулермен 1 жастағы 4749 бала және 6 жастағы 4925 бала егілді. Сонымен қатар облыста қызылшаға қарсы толықтыра иммунизациялау жүргізіліп жатыр. Бұрын екпе алмаған 1848 адам екпемен қамтылды, оның ішінде бұрын екпеден бас тартқан 208 адам екпе алды.
Қызылша – бұл қызбамен, интоксикациямен, папулезды бөртпенің кезең-кезеңімен пайда болуымен, конъюнктиваның және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталатын жіті, аса жұқпалы вирустық ауру екенін білу маңызды. Инфекция көзімен байланысқаннан кейін қызылшаға қарсы екпе алмаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады. Вирус әңгімелесу кезінде, жөтелгенде, түшкіргенде оңай таралады. Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті, олар кеш медициналық көмекке жүгінгенде және ауыр ілеспелі аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.
"Қызылшадан жалғыз тиімді қорғаныс – вакцинация. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен бірге қолданылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация екі рет тегін жүргізіледі: біріншісі – 1 жаста, екіншісі – иммунитетті тұрақты қалыптастыру үшін 6 жаста. Сондай-ақ, қызылшамен ауыратын адамдармен қатынаста болып, бұрын қызылшаға қарсы вакциналанбаған 30 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі", - деп қосты комитет мамандары.