"Адамдардың айтуынша, кішкентай бала емес. Өзі суға түсіп, бір кезде бата бастаған. Анасы оны құтқару үшін артынан секірген. Оның соңынан қалған балалары, одан кейін ересектер батқан. Бір үйден бес адам, екінші үйден үш адам суға батып кетті. Барлық бала - бір әулеттің немерелері. Отбасы үшін бұл ауыр әрі орны толмас қаза", - дейді Көксарай ауылының тұрғыны Мұсабек Сарымбет.
Сол кезде жағада болғандардың барлығы суға батып бара жатқандарға көмектесуге асығыпты. Балықшылар мен басқа демалушылар суға секірген. Суға батып бара жатқан бірнеше адамды алып шыға алған. Бірақ 11 адамды - екі әйел мен тоғыз баланы құтқару мүмкін болмады. Олардың ең кішісі - небәрі 4 жаста еді. Адамдар бұл жерде өзен өте қауіпті екенін айтып отыр.
"Жағадан суға кірген бойда тереңдеп кетеді. Су лай. Кей жерлерде ағыс бар. Кейбіреуін жағаның арғы бетінен алып шықты. Барлығы мүмкіндігінше көмектесті", - дейді оқиға куәгері Әділхан Аманов.
Суға батқандардың мәйітін бірнеше күннен бері іздеп жатыр. 200-ден астам құтқарушы мен еріктілер 5 шақырым радиус аумақты таразылап жатыр. Сүңгуірлер түбіне түсіп жұмыс істейді, дрондар жоғарыдан ұшады. Олар екі баланы - 10 жасар қыз бен 12 жастағы ұл баланы іздеп жатыр.
"Судың лайлылығынан түбі мүлдем көрінбейді. Сонымен қатар ағыс орташа, бірақ тереңдікте ойпат көп. Соңғы мәйітті оқиға орнынан бір жарым шақырым жерден таптық", - деді Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
22 тамызда отбасы мәйіттері табылған тоғыз туыстарының барлығын жерледі. Зардап шеккен тағы үш адам (әйел мен екі бала) ауруханада жатыр. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, аман қалғандарға психология жағынан көмек қажет.
21 тамыз күні Түркістан облысы, Отырар ауданы, Сырдария өзенінде 11 адам суға батып кетті. Құтқарушылар тоғыз адамның денесін тапты. Екі адам әлі іздестіріліп жатыр. Қайтыс болғандардың арасында төрт жасар қыз да бар.