"Ұлттық сараптама орталығы атмосфералық ауа көрсеткіштерін ауық-ауық өлшеп отыр. Қазіргі уақытта жақын орналасқан қоныстанушы қалалық аймақ бойынша қауіпті шектен асу жағдайы анықталған жоқ. Станция территориясында да солай. Әрине, төгілген жердің айналасында, яғни шамамен 1,5 метр радиуста шекті мөлшерден асу жағдайы бар", - деді экология департаменті басшысының орынбасары Мағзұм Көкімбаев.
Оның айтуынша, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
"Алайда қоршаған орта зардап шекті, біз оны қалпына келтіретін боламыз. Павлодар облысында күкірт қышқылы алғаш рет төгіліп отыр. Залал көлемі тергеу аясында анықталады", - дейді ол.
Ластанған жер бедері қалпына келтіруге жатпайды. Мағзұм Көкімбаевтың айтуынша, ол арадағы топырақты мамандандырылған кәсіпорындарға жою үшін жіберіледі. Павлодарлық компаниялар мұндайда ластанған затты залалсыздандырумен айналысады ма және экология департаменті қандай әдістен қолданатынын белгісіз. Ағып кеткен күкірт қышқылы мен қазып алынып жатқан топыраққа да қатысты солай. Қазіргі уақытта Көліктегі полиция департаментінің желілік полиция бөлімі аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Жауапты тұлғалар анықталатын болады. Олар жер қазу, қауіпті қалдықтарды кәдеге жарату және басқа да іс-шараларға кеткен шығындарды өз мойындарына алуға міндетті", - дейді экология департаментінің өкілі.