Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Ажар Ғиният облыстық клиникалық аурухананың жұқпалы аурулар орталығына барып, зардап шеккен балаларға медицина көмегі қалай беріліп жатқанын тексерді.
"Қарағанды облысындағы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан келген 14 баланың бесеуі қазір ем қабылдап жатыр. Оң динамикасы бар балалар ерте реабилитациядан өтіп жатыр", - делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ажар Ғиният зардап шеккен балалардың жағдайы жақсарғанын, олардың емделуі республикалық мамандардың тұрақты бақылауында екенін айтты. Денсаулық сақтау министрлігі балалардың жағдайын үнемі қадағалап, оларға медицина көмегі қалай көрсетілетінін тексереді.
30 шілдеде Қарағанды облысындағы балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жаппай улану болды: әуелі орталықтағы екі бала өзін нашар сезінген. Кейін тағы 10 оқушы ауруханаға жатқызылған. 1 тамыз күні ауруханаға тағы екі бала түскен. Жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Емделіп шыққан балалар қазірдің өзінде жазылып кеткен. Уланудың себебін түсіндіруге тиіс сараптама қорытындысы әлі дайын емес. Екі бала қайтыс болды.