Іле-Алатау ұлттық паркінің инспекторы аяусыз соққыға жығылды

Әлеуметтік желіде 29 қыркүйекте Іле-Алатау ұлттық паркінің инспекторы соққыға жығылғаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы оның әпкесі жеткізді. Ол оқыс оқиға 29 қыркүйекте Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында болғанын айтады.


"Інім Қуатбеков Дамир айналаға шолу жүргізіп, жоғарыдан жаяу түсіп келе жатқанда Toyota Land Cruiser көлігі тросымен шлагбаумды іліп кетіп, оны бүлдіргенін көреді. Ол оларға жақындап келіп, өзгенің дүниесін неге бүлдіресің деп сұрайды. Көліктегілердің бірі ініме жақындап келіп, екеуінің арасында жанжал туындайды", - деді жәбірленушінің әпкесі.

Ол інісінің үстінде Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің ен таңбасы бар камуфляж түрінде киім, жанында инспектор куәлігі де болғанын баса атап өтті.

Көлікте төрт адам болған. Олардың бірі көліктен ұртоқпақ ағашты (бита) алып шығып, Дамирді ұра бастаған. Қандай да бір сәтте ол есінен танып қалады. Көзін ашқанда қас қарайып кеткен, айналасы тас қараңғы болған. Көліктің жарығынан ол оның нөмірін анықтап көре алмаған.

Дамир есін жиған соң әпкесінің үйіне барған. Себебі таудан түскенде ең жақыны сол үй екен. 

"Үсті-басы қан. Құлағынан қан кеткен. Қабырғасы мен басым дей берді. Құсты. Полиция шақырдық. Олар түнде оқиға орнына келіп, іздерді қарады. Інімнің үстіндегі киімді алып қалды. Дәрігерлер ініме "бас-сүйек ми жабық жарақаты және көптеген жаралар" деген диагноз қойды", - дейді ол.

Іле-Алатау ұлттық паркінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

Аталған оқиға 29 қыркүйекте сағат 19:15 шамасында Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағында "Мокрый ключ" шатқалындағы жолда "Аққайың" шатқалындағы Каменский орманшылығында орын алды.

"Төрт белгісіз адамның ұлттық парк аумағына заңсыз кіруіне жол бермеуге тырысқан Каменский орманшылығының Медеу филиалының инспекторы шабуылға тап болды. Қара түсті (Раптормен боялған) Toyota Land Cruiser көлігіндегі қаскөйлер "Мокрый ключ" шатқалына бару үшін жабық тұрған шлагбаумды тросттың көмегімен жұлып алуға тырысқан", делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта тергеу органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды. Мемлекеттік инспектордың жағдайы тұрақты.

Алматы облысы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: