Астанада бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі сотталды

Қазақстан Республикасы бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне "ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды" деген айып тағылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, бұрынғы вице-министр қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, тікелей келіссөздер жүргізе отырып, министрлік атынан өзі жетекшілік ететін акционерлік қоғаммен Қостанай облысындағы кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға келісім-шарт жасасқан.

"Бұған қоса келісім-шарт бойынша оның еншілес ұйымы "С" ЖШС-ға барлау жұмыстарын жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын одан әрі заңсыз беру көзделген. Бұл серіктестікте сенімді өкілі арқылы оның 20% үлесі болған. Ал аталған кен орнында никель-кобальт рудаларының өнеркәсіптік қорлары бұрын анықталған және "Г" ЖШС-мен өндіру бойынша бұзылған келісім-шарт болған", – делінген хабарламада.

Кен орны өнеркәсіптік игеруге әзірленген әрі өнеркәсіптік санаттағы бекітілген теңгерім қоры бар объект ретінде өндіруге арналған келісім-шарт немесе лицензия жасау үшін аукционға қойылған, бұл аукционнан кейін бюджетке айтарлықтай кіріс алуға мүмкіндік беруі керек болған – 40,6 млрд теңгеден астам.

Кейін вице-министр "С" ЖШС жарғылық капиталындағы осы 20 пайыздық үлесті үшінші тұлғаларға сатып жіберген, оның 10 пайызын 425 миллион теңгеге бағалаған.

Осы қылмыстық әрекеттердің салдарынан заңмен реттелетін мемлекеттік органдардың қалыпты қызметі бұзылды.

Сотталушы кінәсін мойындамай, соттан өзін ақтауды сұрады.

"Сот жас балалардың болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Оның қабылдаған антын бұзуы ауырлататын мән-жай болды. 361-баптың 4-бөлігінің санкциясында бас бостандығын 7 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот үкімімен сотталушы қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп танылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – деді сот.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

2019 жылы Тимур Тоқтабаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметінен босатылды. Ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде 2011 жылдан бастап жұмыс істеген.

2022 жылғы 7 қарашада ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды.

2023 жылғы 31 шілде күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Тимур Тоқтабаевқа қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: