Ота орталықта ресейлік маманмен өткізілген шеберлік сабақ аясында жасалды. Кардиохирург Нұржан Мүсірепов РФ медицина ғылымдарының кандидаты Игорь Деминмен бірге сол жақ жүрекше түзілімінің қалыптасуы (миксома) диагнозы қойылған 58 жастағы науқасқа жасанды қан айналымы жағдайында шағын инвазивті торакоскопиялық алып тастау операциясын жасады. Күрделі операция 4 сағатқа жуық созылып, сәтті өтті.
"Бұған дейін біз мұндай отаны ашық жүрекке жасадық. Енді арнайы эндоскопиялық құралды қолдану арқылы мұндай отаны шағын инвазивті әдіспен жасауды тәжірибеге енгізіп жатырмыз. Бұл ота кезінде науқас минималды жарақат алады, отадан кейінгі ауыртпалық аз болады. Отадан кейінгі асқыну қаупі де аз әрі пациент қалпына тезірек келеді. Ота оптикалық құрылғы - эндоскоп арқылы жүзеге асады. Ол денеге кеуде қабырғасының бірнеше пункциясы арқылы енгізіледі. Бұл кейіннен эстетикалық әсерді сақтайды, яғни тыртық қалмайды. Заманауи жабдық экранда жоғары сапалы визуализацияны қамтамасыз етеді. Ота 3 сағат 40 минутқа созылып, сәтті өтті. Шамамен өріктей (диаметрі - 4 см) ісікті алып тастадық", - дейді Нұржан Мүсірепов.
Кардиохирургтың айтуынша, миксома - жүректің қуыс ішілік қатерсіз ісігі. Ол 3 жастан 80 жасқа дейін кез келген уақытта дами береді, көбіне 30-дан 50 жасқа дейін кездеседі. Сол жақ жүрекшенің миксомасы - жүрек ісігінің ең көп таралған түрі. Ол миокард қатерсіз ісігінің 75%-ына тең. Көлеміне байланысты ол клапандар арқылы қан ағымына кедергі жасайды, бұл клапанның стенозын немесе жеткіліксіздігін тудырады. Сонымен қатар ісік "бөліктерінің" бөлінуіне байланысты ол инсульт, бүйрек, ішек инфаркты және аяқ-қолдың ишемиясын тудыруы мүмкін.
Жүрек миксомасын торакоскопиялық жолмен алып тастау хирургиядағы жаңа оталардың бірі, оның көптеген артықшылығы бар. Жүрекке қабырға аралығы арқылы, сүйек құрылымын зақымдамай қол жеткізуге байланысты науқас 3-4 күнде жақсы косметикалық әсері бар жылдам реабилитациядан өтеді. Бұл стандартты жүрек отасынан кейін кеуде қуысының жеткіліксіздігі және жараның іріңдеуі сияқты отадан кейінгі асқынулардың қаупін нөлге дейін азайтады.
"Бұл технология атриовентрикулярлы клапандарда (митральды, трикуспидті) күрделі реконструкциялық клапанды сақтау оталарын орындауға, сонымен қатар клапандарды ауыстыруға мүмкіндік береді. Болашақта мұндай оталарды орталықта жасауды жоспарлап отырмыз", - деп түйіндеді Мүсірепов.