Атыраудың бұрынғы әкімі қандай күдікпен ұсталғаны белгілі болды

Атырау облысының прокуратурасы Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат Оразбаев қандай күдікпен ұсталғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әлеуметтік желілерде Қайрат Оразбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған-ды. Атырау облысының прокуратурасы қаладағы жер телімдерін заңсыз бөлуге қатысты Атырау әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Қадағалау органы Атыраудың бұрынғы әкімі осы іс аясында 2023 жылғы 9 қараша күні ұсталғанын растады.

10 қарашада Атырау облысы прокуратурасының сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, алаяқтық белгілері бойынша Атырау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

"2020-2022 жылдар кезеңінде әкімдіктің лауазымды тұлғалары жеке тұрғын үй құрылыстары үшін рекреациялық аймақтарға (жасыл желек аймақтары, саябақтар, скверлер, жағалаулар және т.б.) жататын жер учаскелерін заңсыз бергені анықталды. 2023 жылғы 9 қараша күні ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша тергеу шеңберінде Атырау қаласының экс-әкімі К.К. Оразбаев ұсталды".Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі

Ведомство Қайрат Оразбаев Атырау полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалғанын нақтылады.

ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.

Қайрат Оразбаев Атырау қаласының әкімі қызметін 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін атқарды.

Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: