Түркістан облысының тұрғынына ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін халықаралық іздеу жарияланды

Түркістан облысының 28 жастағы тұрғынына ұлтқа тіл тигізетін видео түсіргені үшін халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің 1 желтоқсан күнгі мәліметінше, полицейлер ғаламторды бақылау барысында ер адамның ұлт өкілдерінің біріне қарсы дөрекі сөз сөйлеп, қазақ және өзбек халықтары өкілдерінің арасында алауыздық тудырған видеоны анықтады. Ол видеоүндеуді әлеуметтік желіге жариялаған.

Полицейлер ер адамды бірден анықтады. Ол қазір шетелде жүрген 28 жастағы Түркістан облысының тұрғыны болып шықты.
"Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру" бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер видеоға назар аударғаннан кейін ер адам қателескенін мойындап, Қазақстан халқынан кешірім сұраған тағы бір видео жариялады. Бірақ құқық қорғау органдары оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Шымкент
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: