Елімізде алты су қоймасы 100 пайызға толды

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева 9 сәуірде ОКҚ-да өткен брифинг барысында су тасқынына байланысты су қоймаларының ағымдағы жағдайына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, Қостанай облысында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталып, су ағыны төмендеп жатыр. Аймақтағы екі ірі су қоймасы орта есеппен 93%-ға толы. Облыста министрліктің және облыс әкімдігінің мамандары бірлесіп су өткізуді реттеу бойынша жұмысты жалғастыруда.

"Солтүстік Қазақстан облысының екі ірі су қоймасы 100%-ға толды. Есіл өзеніне су ағынының қарқыны төмендеді. Батыс Қазақстан облысында 4 ірі су қоймасы орта есеппен 67%-ға толды, олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Шаған өзені деңгейінің көтерілгені байқалады, бүгінде Шаған су қоймасына ағын секундына 700 текше метр", - деді Мөлдір Әбдуәлиева.

Ол Жайық өзенінде су тасқынының екінші толқыны күтілетінін, Ресейдің жедел мәліметтері бойынша, Иреклі су торабынан су жіберу секундына 1342 текше метрге дейін төмендегенін жеткізді. 

"Бүгін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ресей Су ресурстары агенттігінің басшысы гидротехникалық құрылыстар бойынша бірлескен жұмысты талқылады. Шығыс Қазақстан облысындағы бес ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 62%, олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Осы аптада мұнда су тасқыны болады деп күтілуде. Барлық жауапты қызметтер максималды дайындық режиміне көшті", - дейді ол.

Оның келтірген деректеріне сүйенсек, Ақмола облысының екі ірі су қоймасына су жинау көрсеткіші орта есеппен 99%, екі нысан да транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды.


"Ақтөбе облысының су қоймаларында да дәл осындай жағдай. Қарағанды облысының 4 ірі су қоймасы толық 100% су жинады, облыста су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Су қоймалары штаттық кесте бойынша жұмыс істеп жатыр. Барлық нысандарда тәулік бойы кезекшілік жалғасады, сондай-ақ сағат сайын мониторинг жасалатынын атап өтемін. Сондай-ақ, министрлік мамандары тұрақты түрде объектілерді тексеріп, тасқын суын қауіпсіз өткізу, өзен ағынын реттеу және еріген қар суын су қоймаларына жинау бойынша жұмыстарды жеке қадағалайтындарын атап өтемін", деп сөзін түйіндеді ресми өкіл.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: