Қазақстан спорт шебері сот арқылы Туризм және спорт министрлігінен ақшалай көтермелеу төлемдеріне қол жеткізді

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына спорт шебері ақшалай көтермелеуді төлеуден бас тартуды заңсыз деп тану туралы уәкілетті министрлікке талап қоюмен жүгінген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2024 жылғы 4 маусымда Қазақстанның Жоғарғы соты мәлімдеді.

"Сот әкімшілік талапты қанағаттандырды: министрлік талап қоюшыға әлем чемпионатындағы жүлделі орындар үшін ақшалай сыйақы төлеуге міндетті",-делінген хабарламада.

Сотта гір спортынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері 2023 жылы Әлем чемпионатында (65-69 жас аралығындағы ардагерлер тобында) үш түрі бойынша 2 рет бірінші және 1 рет екінші орынды жеңіп алғаны анықталды.

"Жүлделі орындар үшін ақшалай сыйақылар төленбегендіктен, чемпион министрлікке өтініш жазған. Алайда, мемлекеттік орган ардагер спортшыларға төлемдер қарастырылмағандығы туралы ережеге сілтеме жасай отырып, оның өтінішін орындаудан бас тартқан". ҚР Жоғарғы соты

Ереже бойынша халықаралық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, жеке спорт түрлері бойынша құрама командалардың мүшелеріне әр спортшыға әр орын үшін 100% мөлшерінде ақшалай көтермелеу төленеді. Бұл ретте спорт ардагерлеріне-халықаралық жарыстардың жүлдегерлеріне көтермелеу төлеуге тікелей тыйым салынбаған.

"Талап қоюшы 27 құрама команданың спортшыларымен қатар жарысқа қатысып, ҚР үшін өнер көрсетіп, қатысушы елдердің жалпы медальдық есебінде ескерілген жүлделі орындарға ие болған. Сондықтан жауапкердің Ережеде ақшалай сыйақыны төлеу ұлттық құрама командасының мүшелеріне ғана көзделгені және бюджетте спорт ардагерлеріне ақшалай сыйақы төлеу бойынша шығыстар көзделмегені туралы дәлелдері дәрменсіз деп танылды. Жоғарыда айтылғандарға байланысты талап қоюшыға ақшалай сыйақы төлеуден бас тарту үшін жауапкерге негіз болмаған". ҚР Жоғарғы соты

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: