СҚО-да екі бала көз жұмды, тағы бір бала мен әйел адам жансақтау бөлімінде жатыр

Қызылжар ауданының Надежка ауылында қайғылы оқиға орын алды. Тамақтан уланған екі бала қаза тапты, тағы бір бала мен ананың өмірі үшін ақ халаттылар күресіп жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ауыл дүкенінен тамақ алған отбасы кешкі ас дайындап, артынша жатып қалған. Туысқандарының айтуынша, алдымен кішкентай сәби құса бастаған. Ізінше қалған екі баланың хәлі нашарлапты, деп хабарлайды Astana.tv.

"Олар дүкеннен тұшпара, шұжық және газдалған шырын алды. Отағасынан басқасының бәрі оны жеді. Кейін барлығы уланып қалды. Кішкентайымыз түні бойы құсып, таңертен көз жұмды. Ауылдың медбикесі қастарында болды". Ауыл тұрғыны Сергей Коваленко

Облыстық ауруханаға жеткізілгеннен кейін араға бірнеше сағат салып, екінші бүлдіршін де көз жұмған. Ал анасы мен 10 жасар бала қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

"Науқастардың бойында тағамдық токсикоинфекция анықталды. Саладрынан екі сәби токсикологиялық шок алып, мидың ісінуінен қайтыс болды. Қалған екі науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты". СҚО ДСБ басшысының орынбасары Раиса Құсайынова

Коваленко жанұясына сапасыз азық-түлік сатқан ауыл дүкені қазір жабық. Құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.


"Аталған факті абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық талаптарды бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерулердің біріңғай тізіліміне енгізілді". СҚО ПД Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Азат Құсайынов

Сот медициналық сараптаманың нәтижесі бір айдан кейін шығады.

Петропавл
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: