Атбасарда адам өліміне әкелген ЖКО жасаған полицей оқиға орнынан қашып кеткен

2024 жылдың 19 тамызында Атбасар аудандық сотының қаулысымен күдікті полиция қызметкеріне қатысты 2 айға "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

18 тамызға қараған түні Атбасар қаласындағы дүкеннің жанында куәгерлердің айтуынша, Lada көлігі жолдың шетінде келе жатқан жолаушыларды қағып кеткен. Нәтижесінде алған жарақаттарынан 34 жастағы әйел қайтыс болды, тағы біреуі, 28 жастағы зардап шегуші жарақат алып ауруханаға түсті. Рульде 30 жастағы полиция қызметкері болған.

Ол қылмыстық қудалау органымен ауыр зардаптарға, яғни адам өліміне және жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіруіне әкеп соққан жол-көлік құқық бұзушылығын жасады деп күдіктелуде.

"Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасын жасағаннан кейін күдікті "И." жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетуге шара қолданбай, қылмыс орнынан қашып кетті (ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі, 347-бабы)",- деп толықтырды сот.

Белгілі болғандай, ол 2024 жылғы 16 тамызда жылдамдықты арттырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Сот, күдікті "И." бостандықта болса, куәларға ықпал ету арқылы істі объективті тергеуге кедергі келтіріп, қылмыстық қудалау органдарынан және соттан жасырынуы мүмкін деп есептейді",- деп түсіндірді сот.

Осыған байланысты оны қылмыстық істі тергеу кезінде екі айға қамауға алды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Қостанай облысында учаскелік полицей екі ауыл тұрғындарын сан соқтырғаны белгілі болды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: