Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ресми делегация мүшелері төмендегідей құжаттарға қол қойды:
- Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Словения Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі арасындағы білім және ғылым саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Словения Республикасы Экономика, туризм және спорт министрлігі арасындағы туризм саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Словенияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Айта кетсек, 2025 жылғы 31 наурызда Ақорда резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусарды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Онда президенттер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Артынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар шағын құрамда келіссөз жүргізді. Ізі суымай екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз өтті. Онда Наташа Пирц-Мусар Астанада қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.