Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушылар орындығында үш адам отырды.
Сотпен анықталғаны, 2017 жылы ЖШС-нің директоры өзінің досы арқылы бірінші сотталушыдан ірі көлемде қарыз алып, белгіленген мерзімде қайтара алмай, 2017 жылдың желтоқсан айында тапаншамен оқ атып, өз-өзіне қол жұмсаған.
Осылайша, бірінші сотталушы марқұмның досынан қарызды қайтару үшін екінші сотталушыдан көмек сұраған. 2020 жылы бірінші мен екінші айыпталушының тарапынан төнген қауіп-қатер салдарынан азамат гаражын, жер учаскесімен және пәтерін қарыздың бір бөлігін өтеу үшін аударып берген. Ал 2020 жылдың желтоқсан айында ол асылып, өз-өзіне қол жұмсаған. Өлер алдында хат жазып, өзінің өліміне екінші сотталушының кінәлі екенін, марқұм досының қарызы үшін бүкіл мүлкін жазып беруге мәжбүр болғанын көрсеткен.
"Бұдан бөлек, 2023 жылы екінші сотталушы кафе мен дүкен иесінен 10 млн.теңге талап етіп, бизнесінен айырылатынын ескерткен. Кейін кафе мен дүкен өртеніп, өрттің себебі анықталмағандықтан қылмыстық іс тоқтатылды. Ал азамат болса, бопсалау фактісі бойынша ҰҚК департаментіне арыз жазып, сотқа дейінгі тергеу басталды",- делінген ақпаратта.
2024 жылы екінші және үшінші сотталушы аталмыш азаматтан тағы 5 млн.теңге талап етіп, күш қолданамыз деп қорқытқан. Ақшаны беру кезінде олар ұсталды.
Сонымен қатар, екінші сотталушы оқ-дәрілерімен қаруды заңсыз сатып алып, сақтаған (ҚК-нің 287-бабының 2-бөлігі), ал үшінші айыпталушы есірткі саудасымен айналысу мақсатынсыз ірі көлемде психотроптық зат -мефедронды заңсыз сақтаған (ҚК-нің 296-бабының3-бөлігі).
"Сот үкімімен екінші сотталушы 5 жыл 6 айға ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтеумен бас бостандығынан айырылды, оның әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталануы танылды, үшінші сотталушы 5 жылға, ал бірінші сотталушы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды". Ақмола облысы соты
Сондай-ақ, сот екінші мен бірінші айыпталушыдан әрқайсысынан 3 миллион теңгеден мүлкін сатқан жәбірленушінің туыстарының пайдасына моральдық зиян өндіріп берді. Екінші мен үшінші сотталушы өздері бопсалаған азаматтың пайдасына әрқайсысынан 350 мың теңгеден өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.