Кіреберіс апатты деп танылғандықтан, оқиға кезінде онда ешкім тұрмаған. Сол себепті зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Үйдің қалған бөлігінде тұратын тұрғындар эвакуацияланып, қазір үйлеріне кіргізілмей отыр.
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Тұрғындар осыдан 10 жыл бұрын үйдің құлауға жақын екенін айтып, мәселені көтере бастаған. Қасбеттерінде жырық пайда болып, жертөледегі іргетастың сау-тамтығы қалмағанын айтып, қақпаған есіктері жоқ көрінеді. Дегенмен, әкімдіктегілер мүліктің қауіпсіздігі үй иелерінің жауапкершілігінде екенін айтып, тек сараптама ұйымдастыруға уәде берген. Осылайша, 2025 жылы ресми сараптама жүргізіліп, тек соңғы кіреберіс қана апатты деп танылған
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Осылайша бүгін, 19 ақпанда, шамамен таңғы сағат сегіздерде апатты бөлік опырылып түскен. Оқиға сәті бейнекамераларға жазылып, желіде жылдам тарап кеткен.
"2025 жылы көрсетілген кіреберіс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде апатты деп танылған. 5-кіреберістің тұрғындары алдын ала қоныс аударылып, пәтерлері тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде есепке қойылған" – деп хабарлады Балқаш қаласының әкімдігі.
Оқиға орнына Төтенше жағдай қызметтері, дәрігерлер және полиция жетті. Қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Ғимарат қоршалып, инженерлік коммуникациялар ажыратылды.
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
"Қазіргі уақытта құрылыс және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, 5-кіреберісті демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Демонтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін қалған 4 кіреберісте қосымша техникалық тексеру және құрылыс сараптамасы жүргізіледі. Алдағы уақытта қалған кіреберістер конструкцияларын күшейту бойынша жұмыстарды жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама белгіленген тәртіппен әзірленетін болады",- деп мәлімдеді ведомство.
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Қазір опырылған үйдің айналасы толығымен қоршалған. Тұрғындардың заттары әкімдіктің тиісті бөлім қызметкерлері тарапынан шығарылуда. Жақын маңдағы балалар бақшасы жабылды. Жауапты қызметтер уақытша баспанасыз қалған адамдардан ақпарат жинап жатыр.