Оқиға орнынан түсірілген кадрлар Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде жарияланған. Видеоға қарағанда, жол апаты салдарынан тасжол жабылып қалған. Сол себепті жүргізушілер апат орнын айналып өтуге мәжбүр болған.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Mercedes-Benz автокөлік тасымалдаушысы мен Volkswagen қатысумен республикалық маңызы бар "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" автожолында орын алған. Апат салдарынан екі адам зардап шеккен, полиция алдын ала тергеуді бастаған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz автокөлік тасымалдаушысының жүргізушісі басқаруды жоғалтып, жолдың бір бөлігін жауып қалған. Кейін Volkswagen жүргізушісі тоқтап тұрған автокөлік тасымалдаушының бүйіріне соқтығысқан. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу іс-шаралары жүргізілуде", – деп мәлімдеді өңірлік полиция баспасөз қызметі.
Жамбыл облысы Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және әсіресе республикалық маңызы бар автожол учаскелерінде барынша мұқият болуға шақырады.
Бұған дейін Жамбыл облысында автобус паркінің 25 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылғанын жазғанбыз.