Ақорда мәліметтіне сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы, Дүкен Мәсімханұлына ІІІ дәрежелі "Барыс" орденін, сондай-ақ ғалым, филолог Айнұр Әбиденқызына "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағын беру туралы жарлықтарға қол қойды.
"Оларға бұл марапат шығыстану ғылымына қосқан елеулі үлестері және филология саласының қытайтану бағытын терең зерделеп, қазақ тарихына қатысты тың деректерді жинақтауға, мәдени құндылықтарымызды насихаттауға, екі ел арасындағы тарихи байланысты нығайтуға сіңірген айрықша еңбектері үшін берілді". Ақорда
Осы орайда Президент ғалымдарға құттықтау жеделхатын жолдап, бұл марапат олардың ұзақ жылғы іргелі ізденістері мен табанды еңбектерінің нәтижесі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы белгілі шығыстанушылардың отбасына бақ-береке және шығармашылық табыс тіледі.
Бұған дейін президент Қазақстанның ғалымдарын кәсіби мерекемен құттықтаған болатын.