Бұған дейін Қызылқоға аудандық соты Б. және А. есімді азаматтардың әрқайсысына төрт жыл бас бостандығын шектеу, ал Ж. есімді азаматқа үш жыл алты ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын.
Алайда тағайындалған жазаға Бас прокуратура өкілдері наразылық білдіріп, кассациялық сот алқасы бас бостандығын шектеу жазасы жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейтіндігін және әділетсіз екенін айтты.
Іс материалдарын зерттеу барысында, Махат ауданында масаң күйдегі бір топ ер адам шақырту бойынша келген полиция қызметкерлеріне қоқан-лоқы көрсеткен.
Яғни, оқиға кезінде олар полицейлерді тепкілеп, таяқтап, таспен ұрған. Соққы салдарынан полиция қызметкерлерінің бірі орташа дене жарақатын алған.
Сот алқасы сотталғандардың әрекетін қоғамға қауіпті деп бағалады. Себебі олар қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерінің денсаулығына зиян келтірген.
Осылайша Бас прокурор орынбасарының наразылығын қараған кассациялық сот алқасы бас бостандығын шектеу жазасын, бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.
Сот үкімі өзгертілді. Б. және А. есімді азаматтардың әрқайсысы төрт жылға, ал Ж. үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Үшеуі де сот залында қамауға алынды, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 7 тамызда Алматы облысының тұрғыны әйел адамды аңдығаны үшін сотқа тартылғаны белгілі болған еді.