Парламент мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Ғалым Әміреев ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярға осы ұсыныстармен кезекті депутаттық сауалын жолдады.
Айта кетерлігі, депутаттық корпус азық-түлік тауарларының бағасының көтерілу мәселесіне қатысты бұған дейін де депутаттық сауал жолдаған. Алайда берілген жауап депутаттарды қанағаттандырмаған.
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына байланысты жағдайдың жылдан жылға қайталанатынын алға тартқан Ғалым Әміреев бұл мәселенің алдын алып, шешуге болатынын айтты.
Осыған байланысты, біздің ойымызша, бірден-бір шығу жолы ел ішінде де, шетелде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын болжау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу болып табылады. Бізге кемінде жарты жыл-бір жылға арналған баға болжамы қажет, сонда ғана біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тізгіндей аламыз.Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев
Депутаттар елімізде бағаны болжаумен айналысатынын бір де бір ведомствоның, ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктерінің, стратегиялық жоспарлау және реформалар, бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктердің құрылымдарында азық-түлік бағаларын талдау мен болжаудың қолданыстағы жүйесінің жоқ екенін анықтаған.
Бүгінде қажетті инфрақұрылым бар, қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр, жылдан жылға біз тұрақтандыру қорларын қаржыландыруды ұлғайтудамыз. Алайда басқару мен болжаудың бірыңғай орталығы, нақты жұмыс жоспары жоқ, бағаның әрбір күрт өсуінен кейінгі салдармен ғана күрес жүргізіледі, бағаны тежеу жөніндегі жұмыстағы сәтсіздіктер үшін жауаптылық көзделмеген, яғни, қашан әрі не сатып алу және проблемаларды қалай шешу керек екені туралы нақты сигнал беретін елде ешкім жоқ.Ғалым Әміреев
Осы мәселеге тоқталған мәжіліс депутаты өңірлердегі филиалдарымен бірге агроөнеркәсіптік кешеннің орталықтандырылған болжамдық-талдамалық орталығын құру қажеттігін айтты. Оның пайымдауынша, мұндай орталықты құру агроөнеркәсіптік кешенді «өрт командасы» режимінде басқарудан жоспарлау және тәуекелдерді болжау негізіндегі басқаруға сапалы көшуді қамтамасыз етеді.
Ғалым Әміреевтің ұсынысы бойынша, бұл орталық елдің агроөнеркәсіптік кешені туралы барлық мемлекеттік ақпараттық ресурстарды интеграциялау, ауыл шаруашылығының салалары мен инфрақұрылымының жай-күйі туралы деректерді жинау мен талдаудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру, аграрлық азық-түлік нарықтарының дамуын болжау мақсатында құрылуы тиіс.
Сондай-ақ орталық ауыл шаруашылығы салаларының, аумақтар мен нарықтардың жай-күйі туралы өзекті есепті материалдарды қалыптастырып, онлайн режимінде интерактивті кеңестер өткізуі тиіс.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешеннің болжамдық-талдамалық орталығын құру мүмкіндігін қарап, орталықты құруға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларына жауапты бір мемлекеттік органды айқындауды сұраймыз, – делінген депутаттық сауалда.