Қанды оқиға облыс орталығынан шалғайда жатқан Индербор кентінде болған. Қылмыс, марқұмның ұлы әкесіне іздеу салған соң ғана ашылып отыр. Көршілердің айтуынша, ағайындылар өзара арақ ішіп, арты жанжалға ұласқан. Інісі мәйітті ауласындағы қоқыс жинайтын шұңқырға жасырған көрінеді, делінеді Астана телеарнасының жаңалығында.
Шошып кеттік. «Жеңіс солай етті ме?» – деп. Оның үйіне кіруге, тіпті қорықтық. Осы жерде 15 машина тұрды. Атыраудан келді. Эксперттер келді. Прокурорлар келді. Ол сондайға барады деп ойламаймын. Бірақ адам барып тұр ғой. Арақ ішкендікі болған шығар сол. Ішіп жүрді ғой. Жүйкесі сыр берді. Сосын анау да тілі жаман кісі ғой. Ұрынған болар өзі. Өлген кісіні айтуға да болмайды, күнә. Көршісі Гүлшат Жантасова
Көршілерінің айтуынша, мұнда марқұмның інісі отбасымен тұрып келген. Ал ағасы ара-тұра келіп тұратынын жеткізді. Шаруа қожалығында мал баққан. Соңғы рет 20 қыркүйекте ауылға келіпті. Содан кейін оны көрмеген. Күдікке ілінген туған інісі бұрын полицияда еңбек еткен. Қазір зейнет демалысында екен.
Өте жақсы адам. Ол отставкадағы майор ғой. Көршісі Амандық Қалиев
Кент әкімі марқұмды ауылдан оны көп көре бермейтінін айтты. Әлеуметтік жағдайы төмен болса да көмек сұрап келген емес деп отыр.
Ол 65-тің үстіне шығып кеткен үлкен кісі ғой. Бізде ол кісіні қырда болған соң ауылдан көрмейміз. Ішімдікке жақындығы болған, естуіміз бойынша. Көпбалалы әке. Жағдайы кішкене төмен. Индебор кентінің әкімі Асхат Аймұратов
Қазір Индер аудандық полициясы «Кісі өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті. Марқұмның балалары, ағасының жауапқа тартылуына қарсы.
Жоқ. Ол кісі – ағам, ана кісі – әкем. Ажал солай келіп тұрса, оған кім қарсы тұрады? Кім кедергі жасай алады. Шок қой. Автопилотпен кеткен ғой өлтіріп алғаннан кейін. Не істеп, не қойғанын білмейді да адам. Бізге айтты сөйтіп қойдым, бүйтіп қойдым деп. Марқұмның ұлы
"Ағасын өлтіріп, мәйітін үш ай жасырды" деген інісімен тілдесу мүмкін болмады. Қылмыс болған үйдің есігі тарс жабық.