Нұр-Сұлтандағы жағдай бақылауда. Күдікті тұлғалар мен тыйым салынған заттарды анықтау үшін алты бақылау-өткізу пунктінде көлік қозғалысы тәулік бойы тексеріліп жатыр. Төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап мемлекеттік орган белгілеген талаптарды орындамаудың 64 дерегі тіркелді.Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті
Полицейлер кінәлілерге қатысты сот шешім қабылдайтынын атап өтті.
Полиция департаментінің мәліметінше, Елорда аумағында криминогендік жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай кезінде қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.
Осыған байланысты аулаларды және пәтерлерді аралау жүргізілуде, елордаға заңсыз келген немесе тұрып жатқан шетел азаматтарын тексеру жүргізілуде.
Сурет: Нұр-Сұлтан қаласы ПД
Бір тәулікте қалада 13 қылмыс тіркелді. 62 жол-көлік оқиғасы болды, жарақат алғандар жоқ. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1 жүргізуші ұсталды.
"Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы аясында 311 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде 111-і қалада тұру ережелерін бұзу, 37-сі қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу және 47-сі көші-қон заңнамасын бұзу.
Полиция қызметкерлері Сембинов көшесінде орналасқан "Гастробар" әкімшілігінің коменданттық сағатты бұзу фактісін анықтады. Ойын-сауық мекемесінің иесіне қатысты төтенше жағдай және карантин режимін бұзғаны үшін бірден 2 әкімшілік іс қозғалып, жұмыс лицензиясын кері қайтару мәселесі қаралады.
Қалада тыныштық пен тәртіпті сақтап, белгіленген коменданттық сағат режимін бұзбаңыздар. Кез-келген құқыққа қарсы әрекеттер үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған.Елорда коменданты Ержан Саденов
Учаскелік полиция инспекторлары жалға берілетін 239 пәтер, 597 барақ типті тұрғын үй және 76 хостел тексерген. Нәтижесінде полицияға тексеру мақсатында 161 шетелдік азамат жеткізілген.