Петропавлда ішімдікке салынған әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін

Полицейлер ата-ана құқығынан айыру үшін материалдар жинап жатыр. Әйел полиция бөлімінде біраздан бері есепте тұрады, бұрын ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін оған айыппұл да салынған, деп хабарлайды Zakon.kz

17 ақпан күні таңертең полицияға Қопай көшесіндегі жеке үйлердің бірінде жеті жасар қыз бен үш айлық бала қараусыз қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Олардың 37 жастағы анасы балаларға қарайтындай шамасы жоқ, үйінде мас күйінде болған, деп хабарлайды СҚО ПД.

Мұнда еш жерде жұмыс істемейтін әйел екі баласымен бірге тұрады. Оны медициналық сараптамадан өткізді, сынама орташа алкогольдік масаң күй деген нәтиже көрсетті. Балалар облыстық балалар ауруханасына жіберілді.

Полиция әйелдің бұл бірінші рет көзге түсуі емес екенін атап өтті. Ол қалалық ПБ-ның ювеналды полиция бөлімінде есепте тұрады.

Қаңтар айында оның ісі қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысында қаралды. Оған сәйкес, аталған әйел Әкімшілік кодекстің 127-бабы, яғни "Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және (немесе) білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір қалалық қорғаншылық және қамқоршылық бөліміне тапсыру үшін материалдар жинастырылып жатыр. СҚО ПД баспасөз қызметі

2022 жылдың қаңтарында ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін 43 адам жауапқа тартылды. Барлығы полиция есебінде 86 отбасы тұр, оның сегізі осы жылы есепке қойылды.

Петропавл
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: