Павлодарда ер адамды өрттен құтқарған полицейлер марапатталды

Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонында тұрғынды өрттен құтқарған полиция қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың атынан Жәнібек Шәкіровке, Данат Қамалиев пен Бақытжан Мұхамбетовке “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медальдарын Полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Бек табыс етті.

Айта кетсек, 19 наурызда полицейлер ер адамды өрттен аман алып қалған. Жанып жатқан пәтердегі ер адамды Жәнібек Шәкіров пен Данат Қамалиев көшеге шығарып, Бақытжан Мұхамбетов оқиға орнын қоршап алып, өрт сөндірушілерге үй тұрғындарын эвакуациялауға көмектесті. Ес-түссіз жатқан ер адамға Данат Қамалиев жүрек массажын жасап, жасанды тыныс алу көрсетілді. Бірнеше минуттан кейін полиция ер адамның дем алғанын байқады. Сол кезде Жәнібек Шәкіров өрт сөндіру  қызметкерлерінен оттегі маскасын алып, оны ер адамға кигізді. Зардап шеккен адам жедел жәрдем көлігінің қызметкерлеріне тапсырылды. Полицейлердің жедел іс-қимылдарының, кәсібилігі мен батылдығының арқасында бұл өртте барлығы тірі қалды.

Ішкі істер министрінің атынан марапат алу – мен үшін үлкен құрмет, өйткені марапат бұл тек кәсіби еңбектің бағасы ғана емес, сонымен қатар жауапкершіліктің жаңа деңгейі, – деп өз әсерімен бөлісті Данат Қамалиев.
Павлодар
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: