Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Ғалымхан Қаратағанов пен Батырхан Сеймұханбетұлы Әлихан Бөкейханов атындағы ауданда өзіне бекітілген аумақта жұмыс атқару барысында түнгі сағат 03.00 шамасында жедел басқару орталығынан шұғыл хабарлама алады.
Оқиға орнына бара жатқанымызда қоңырау шалған азаматшамен хабарласып, үйінен далаға шығып, бізді күтуін өтіндік. Аталған мекенжайға келген соң оны қызметтік көлігімізге отырғыздық, – дейді Ғалым Қаратағанов.
Бұған дейін үйде жанжал болғаны белгілі болды. Осыдан кейін күйеуі үйінен кетіп қалып, қайтып оралмаған. Кейін ол ұялы телефонның бейне қоңырау қосымшасымен әйеліне хабарласып, өз-өзіне қол жұмсайтынын айтқан. Ал әйелі оның нақты қай жерде тұрғанын білмеген. Бейнеқоңыраудағы жазбада күйеуінің балалар ойнайтын алаңда тұрғанын байқаған. Ал ол шағын ауданда ондай алаңның көп болуынан, оның нақты қай жерде тұрғанын айту қиынға соққан. Алайда полиция қызметкерлерінің тәжірибесі адам өмірін құтқаруға септігін тигізді.
Көрші үйлердің маңын тексеру барысында қызметтік автокөліктің шамы темір турникке асылып тұрған адамға түскен. Полиция қызметкерлері бірден көліктен шығып, сол маңға жақындағанда ауы қан азамат көлік сүйрейтін арқанның бір бөлігінде салбырап тұрған. Полиция қызметкерлері арқанды шешіп, оны жерге түсірген. Батырхан Сеймұхамбетұлы оның кеудесін басып, алғашқы көмек көрсеткен. Арада бір-екі минут уақыт өткенде өз-өзіне қол жұмсаған азамат көзін ашқан.Қарағанды қалалық ПД баспасөз қызметі
Полиция қызметкерлері оны орындыққа отырғызып, оқиға орнына жеткен жедел-жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Дәрігерлер оны тексеріп, ауруханаға жеткізбекші болған. Алайда азамат ауруханаға барудан бас тартты. Патрульдік полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ерлі-зайыптыларды полиция бөліміне жеткізді.