Мұндай мәліметпен ҚР ІІМ бөлісті.
Қараша айының басынан бері 300-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алып, 60-қа жуық адам қаза тауып, 400-ге жуық адам жарақат алды. Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соқтырған апаттар ерекше алаңдаушылық тудырады.
Айдың басы Жамбыл облысында болған жантүршігерлік апаттан басталды. Ауа райына байланысты қалың тұманның әсерінен Audi 100 автокөлігінің жүргізушісі қауіпсіздікке салғырттық танытып, темір жолға шығып кетіп, жолаушылар пойызымен соқтығысты. Салдарынан оқиға орнында жүргізуші мен оның бес жолаушысы қаза тапты.
3 қарашада Қостанай облысында Әулиекөл – Жолдама автожолында жүргізуші Chevrolet Сobalt маркалы автокөлікті басқара алмай, кюветке аударылды. Салдарынан үш адам қайтыс болды, бір адам дене жарақатын алды.
Жол жүрісіне қатысушылардың қауіпсіздігі үшін ІІМ барлығын жол қозғалысы ережелерін, әсіресе автомобильдер арасындағы қашықтықты, бүйірлік аралықты, жылдамдық режимін қатаң сақтауға, сондай-ақ кенеттен тежеулер мен қозғалыстарға жол бермеуге шақырады.
Өздеріңіз білетіндей, қараша айынан бастап солтүстік аймақтарда ауа райы күрт нашарлайды. Адамдар бұған бірден үйрене алмайтындықтан қысқы жолда (көктайғақта, жаңа жауған қарда) жүру кезінде ауа райының жүріс режиміне әсерін, жауын-шашын кезінде көрінудің төмендеуін, сондай-ақ автокөліктің тежеу жолын ұлғайтатын және оған әсер ететін жол төсемінің іліну қасиеттерінің өзгеруін ескеру маңызды екенін еске саламыз. ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова