Полицияның мәліметінше, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде күдікті Mercedes-Benz маркалы автокөлігінен шығу туралы полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай қарсылық жасап, қашпақ болған. Сол кезде көше бойында тұрған көлікті соғып кеткен.
Сол мезетте жүргізушінің алдыңғы есігін ашып, сыртқа шығармақ болған полиция қызметкерін көлігімен бірге жоғары жылдамдықпен сүйреп алып кеткен. Оны тоқтату мақсатында полиция қызметкерлері әуелі жоғарыға, одан соң көліктің дөңгелегіне оқ атқан соң аталған автокөлік аялдамаға соқтығысады. Соған қарамастан, күдікті және көлікте бірге болған үш танысы (1992, 1994, 1997 жылы туған Жаңатас тұрғындары) бой тасаламақ болған, алайда полиция қызметкерлері олардың барлығын ұстады.
"Күдіктінің автокөлігінен 1 ауызды 12 калибрлі "МР-153" маркалы тегіс ұңғылы мылтығы 4 дана оғымен, 1 ауызды 410 калибрлі "Сайга-410" маркалы тегіс ұңғылы мылтығы 13 оғымен, 5,6 мм калибрлі "Марголин" тапаншасы 7 дана оғымен, 1 дана оққағар (бронежилет), 1 дана газды-дыбысты гранатасы және асхана пышағы тәркіленді. Одан бөлек, оның Жаңатастағы тұрғылықты мекенжайы бойынша өзінің қатысуымен тінту жүргізу барысында пневматикалық BORNER маркалы тапаншасы, 6 оқ және матаға оралған ерекше иісі бар шөп тәрізді зат табылды". Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі
Полиция департаменті күдікті медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, есірткі тұтынғанын анықтады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігі және 287-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Сот-медициналық және сот-баллистикалық сараптамалары тағайындалған.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.