Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен елорда әуежайында кездесті.
Кездесу рәсімі барысында мемлекеттер басшылары бір-біріне екі елдің делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Қазақстан Президенті мен Католик шіркеуінің басшысы президенттік терминалдың Каминді залында қысқаша әңгімелесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасына ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға келуге шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс айтты.
Бұл оқиғаның тарихи маңызы бар екені сөзсіз. Сіздің сапарыңыз, ең алдымен барша қазақстандықтың назарын аударатынына кәміл сенемін. Сіздің сапарыңыздың аясында мемлекеттік аппараттың, азаматтық қоғамның, дипломатиялық корпустың және БАҚ-тың өкілдері қатысатын іс-шара өтеді. Барлығы Сіздің сөйлейтін сөзіңізді асыға күтіп отыр. Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуыңыз – зор маңызы бар оқиға. Сіздің шараға арнайы қатысуыңыз аталған форумның табысты болуына үлкен септігін тигізеді. Жиын қазіргі әлемдегі күрделі кезеңде, дағдарысты жағдайда өтіп жатыр деуге болады, – деді Президент.
Кездесуден кейін жоғары мәртебелі қонақтың кортежі Ақордаға бағыт алды.
Сурет: akorda.kz
14 қыркүйекте елордада Рим Папасы Францисктің қатысуымен қасиетті месса өтеді. Әр елден 3 мыңға жуық қажы келеді деп болжанды. Бұл туралы ведомствода өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Мессаны көргісі келетін, бірақ онда бола алмайтындар үшін тікелей эфир ұйымдастырылады.
Рим Папасы Францисктің мессасы барлығына тегін болады. Ол ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағында өтеді.