Сенат сот жүйесін реформалауға қатысты қос заң жобасын қарады

Сенаттағы отырыс барысында "Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заң жобасы екі оқылымда қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі, онымен қатар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы да қаралғанын нақтылайды.

Палата төрағасы атап өткендей, бұл заң жобалары сот жүйесін және сот ісін жүргізу тәртібін одан әрі жетілдіру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін бір топ Парламент депутатының бастамашы болуымен әзірленген.

Нақты айтқанда, аталған заңдар аудандық соттардың төрағаларын сайлаудың жаңа тетігін енгізуді және судьяларға ешкімнің қысым жасамауын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ заңдарға апелляциялық институтты жетілдіруге қатысты ережелер, Жоғары Сот Кеңесінің рөлін арттыруға бағытталған нормалар және басқа да маңызды жаңашылдықтар енгізілген.


"Мемлекет басшысы еліміздің сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды міндетті айқындап берді. Бүгін қабылданған заңдар – соңғы жылдары осы бағытта жүйелі түрде іске асырылып жатқан нақты шаралардың жалғасы. Бұл заңдардың мақсаты – азаматтардың әділ, тәуелсіз және кәсіби сотқа қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сол үшін осы құжаттар арқылы судьялардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізу тәртібі жетілдіріледі. Алдағы уақытта заңдар қоғамның, азаматтар мен бизнестің қажеттіліктеріне сай сот жүйесін қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: