СҚО-да қоластындағы қызметкері жемқорлыққа жол бергені үшін аудан әкімі қатаң сөгіс алды

Солтүстік Қазақстан облысында қоластындағы қызметкері сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін аудан әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Құсанов өзінің лауазымдық жағдайын пайдаланып, алдау жолымен жол-құрылыс компаниясының директорын Булаев қаласының көшелерін реконструкциялау бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қаржыландыруды ұлғайту мүмкіндігі бар екендігі туралы жалған ақпарат берген.

"Бұл факт алаяқтыққа әрекет ретінде танылды, өйткені бұл жұмыс түрін орындау туралы шарт аудан әкімдігімен емес, Булаев қаласының әкімдігімен жасалған, сондықтан шарт бойынша қаржыландыруды ұлғайту сотталушының құзыретіне кірмеген. Апелляциялық сатының шешімі бойынша Құсановқа қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин.

"Мемлекеттік қызмет туралы" заңымен бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін басшылардың дербес жауапкершілігі қарастырылған. Атап айтқанда, айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін мемлекеттік саяси қызметшілер 10 күн ішінде отставкаға берулері тиіс.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісовтың айтуынша, аудан әкімі заң талаптарын сақтаған. Бұл ретте облыс әкімі өзінің қарамағындағы қызметкердің отставкасын қабылдамай, қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданды.

Заңға сәйкес отставкаға кету туралы өтініш мемлекеттік қызметшіні лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға беріледі. Отставканы қабылдау немесе қабылдамау саяси қызметкерді қызметке тағайындаған тұлғаның құзыреті болып табылады.

Айта кетсек, 6 наурызда Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсанов сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін үш жылға сотталды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: