ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 маусымдағы жағдай бойынша 161 мың автокөлік заңдастырылды, тағы 13 мыңнан астамы тіркеуді күтуде. Сондай-ақ 2023 жылдың 22 мамырынан бастап 7 мыңға жуық автокөлік-конструктор қазақстандық есепке қойылды.
"Өздеріңіз білетіндей, заңдастыру аяқталғанға дейін екі апта қалды (ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін). Көптеген азаматтар өз көліктерін заңдастыруға үлгермей қалуымыз мүмкін деген алаңдаушылық білдіруде. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматтарына көрсетілген мерзімнен кейін автокөліктертерді заңдастыру құқығы берілетінін хабарлағым келеді".ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Қайсар Сұлтанбаев
Бұдан басқа Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автокөліктерге келетін болсақ, аталған көлік иелеріне оларды Қазақстан Республикасында 5 жыл мерзімге уақытша есепке қою құқығы берілетін болады.
"2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңдастыруға өтінімдерді қабылдау тоқтатылады және заңдастыру мерзімі ұзартылмайтынын ескертеміз. Одан кейін шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданатын болады", – деді ол.