Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы директорын ақтау үкімі күшінде қалды

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы директоры Шухрат Данбайға ақауы бар жабдықты іске қосу туралы бұйрыққа қол қойып, салдарынан компания 728,6 миллион теңге шығынға ұшырады деген айып тағылды. Оның әрекетінен қылмыс құрамы табылмады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атырау облыстық сотының мәліметінше, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Атырау қаласының №2 сотының Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай мен сатып алу департаментінің директоры қатысты үкімін апелляциялық тәртіпте қайта қарады.

Шухрат Данбайға ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) айып тағылды. Айыптаушы тарап кәсіпорын басшысы жеке бас пайдасы үшін зауытқа зиян келтірді деп есептеді. Прокурор айыпталушыны 4,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокуратураның мәліметінше, экс-директор мұнайды терең өңдеу кешенінің ақауы бар объектісін іске қосу туралы бұйрыққа қол қою арқылы Атырау мұнай өңдеу зауытына 728 607 855 теңге шығын келтірген.

Бірінші инстанция соты Шухрат Данбайды кінәсіз деп тауып, оның әрекетінен қылмыс құрамын таппаған. Айыптаушы тарап бұл үкімге қарсы шығып, кәсіпорынның бұрынғы басшысын жазалауды талап етіп, аппеляциялық шағым түсірді. Бірақ облыстық сот үкімді өзгертуге дәлелді негіз таппай, оны күшінде қалдырды. Енді Шухрат Данбай тергеу әрекетінен келтірілген шығынды өтеуді талап етуі мүмкін.

Шухрат Данбай Атырау мұнай өңдеу зауытын 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың шілдесіне дейін басқарды. Ол 2022 жылдың ақпан айында қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабыме ұсталған еді.

Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: