Балалар омбудсмені Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева осыған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бүгін Президент өз Жолдауында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудағы маңызды міндеттерді айқындады.

"Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін».«Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек", - деді Тоқаев.

Балалар омбудсмені мұның неліктен маңызды екенін түсіндірді.

"Бүгінгі таңда заңнамада күш көрсету мен қатыгездік танытуға байланысты әрекеттердің БАРЛЫҚ нысанын қамтитын, олар үшін жауапкершілікті көздейтін жеке баптар жоқ. Құқық қорғаушылар жауапкершілікке тарту үшін барынша сәйкес келетін баптарды қолдануға мәжбүр. Осыған байланысты, біз қарау және талқылау үшін әзірленіп жатқан шаралардың қатарына қылмыстық кодекске жазаны қатаңдата отырып, кәмелетке толмағандарға қатысты күш көрсету мен қатыгездік танытуға байланысты іс-әрекеттердің барлық нысандарын қамтитын "Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық" бабын қосуды маңызды деп санаймыз", деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Ол сауда орталығында баланының бетінен теуіп жіберген адамға "Бұзақылық" бабы қолданылғанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, ҚР ӘҚБтК-дегі "Ұрып-соғу" бабы балаларға іс жүзінде қолданылмайды.

"Қатыгез қарым-қатынас үшін қолданылатын, әйтсе де жауапкершілігі іс-әрекетке сәйкес келмейтін “Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау" атты ҚР ҚК 140-бабы тәрбиешілер мен ата-аналарға ғана көзделген. Тағы бір мысал, өгей әкесі баланы ұрып-соғып, бала ауруханаға, содан соң кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына түсті. Өгей әкесінің бостандығы ғана шектелді, яғни ол сол күйі үйінде тұра берді. Бұндай жаза сондай әрекет жасаған адамға лайықты жаза емес".

Сондай-ақ, балалар омбудсмені тараптардың татуласуын, сондай-ақ азаптауға, зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне, балаларға қатыгездік танытуға қатысты қылмыстар үшін бас бостандығын шектеу сияқты жаза түрін алып тастауды қарастырған жөн екенін айтады.

"Қатыгездік танытқаны үшін жаза тағайындалмауы көбінесе одан да ауыр қылмыстарға әкеп соғады. Мұндай әрекетті жасаған адам жазаның қатал екенін білуі керек. Бұл ретте балаларға қатыгездік таныту, оларға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты іс-әрекет жасағандардың барлығын психологиялық көмек курсын өтуге міндеттеу керек", - дейді ол.

Динара Зәкиева зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтауда, олармен жұмыс істеуде психологтар басты рөл атқаратынын баса айтады. Оның айтуынша, бүгінде 13 облыста мектептердің психологиялық қызметтерін оқытумен, үйлестірумен, сапасымен айналысатын психологиялық қолдау орталықтары жоқ.

"Осыған байланысты ҚР Президентінің Жолдауына сәйкес білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту бұл мәселені шешеді. Бүгінде зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасы жоқ. Ата-аналар адвокат, заңгерлік кеңесті өз бетінше іздеп жүреді", - дейді заңгер.

Ол бірыңғай сенім телефонын құру зорлық-зомбылықтың алдын алу мен анықтаудың негізіне айналатынын баса атап өтті.

"Әлемдік тәжірибеде бұндай телефон – ең тиімді құралдардың бірі. Әр бала кез келген сәтте көмекке жүгіне алатын нөмірді жатқа білуі керек. Бұл бойынша Президент тапсырмасымен ҚР ЦДИАӨМ-мен жұмыс жүріп жатыр", деп сөзін қорытындылады Зәкиева.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: