Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылдың наурыз айында Павлодар қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы делдал арқылы жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерден 200 мың теңге көлемінде пара алған. Кейіннен делдал жер комиссиясына өткізу үшін құжатты қолдан әзірлеген, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
"Шілде айында делдал ұсынылған құжаттар бойынша мәселені жағымды шешуі әрі тездетуі үшін Павлодар қаласы әкімінің көмекшісіне 200 мың теңге пара берген. Одан кейін шенеунік тамызда процесті жеделдету және оның өкілеттігіне кіретін іс-әрекеттерді жағымды шешу және жалпы қамқорлығы үшін тағы 150 мың теңге пара алған. жер қатынастары бөлімінің басшысына - пара алу, қала әкімінің көмекшісіне - пара беру айыбы тағылды", делінген хабарламада.
Сот қала әкімінің көмекшісі және делдалдың бірнеше рет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағанын және неғұрлым белсенді рөл атқарғанын ескере отырып, оларды жеті жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады.
Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысына кінәсін мойындауын, асырауында үш жас баланың болуын ескере отырып, пара сомасының 50 еселенген мөлшерінде, 10 миллион теңге сомасында айыппұл тағайындады.
Кәсіпкерге қылмыс жасаудағы рөлін, кінәні толық мойындауын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, пара сомасының 26,6 еселенген мөлшеріндегі айыппұл түріндегі жаза тағайындады.
Сотталған лауазымды адамдар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.