Мектеп директоры Раиса Қоңырова бүгіннен бастап қызметінен босатылды.
"Бұйрық шықты, онымен директор танысты. ҚР Еңбек кодексінің 49-баптың 3-тармақшасы (жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу – автор.) және 52-баптың 1-тармағының 16-тармақшасын (кезінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкердің еңбек міндеттерін дәлелсіз себептермен тағы да орындамауы) негізінде еңбек шарттары бұзылды", - деді Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Сонымен қатар ол директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатысты мәселе әлі қаралып жатқанын айтты.
"Біз бұл мектепті үнемі бақылауда ұстайтын боламыз, сонда барып отырамыз. Кешке ата-аналар жиналысын өткіземіз", - деп сөзін толықтырды Ботагөз Балапайқызы.
16 қыркүйекте аталған мектептің 10, 11 және 9 сынып оқушылары арасында қақтығыс болды. Төбелес салдарынан 2009 жылғы жасөспірім Степногорскідегі көпсалалы қалалық ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер оған бас миының жабық жарақаты, мидың шайқалуы, сондай-ақ ретроградтық амнезия (есте сақтау қабілетінің ішінара бұзылуы) диагнозын қойды. Жасөспірім әлі емделіп жатыр.
Ресми органдардың алғашқы ақпаратында бәрі ештеңе болмағандай көрсетілді. "Үзілісте екі дос әзілдесіп, күресіп, біріншісі екіншісін иығынан асыра лақтырғанда ол қатты құлап түсті" делінді. Бірақ көп ұзамай Zakon.kz тілшісіне басқа оқушылар хабарлама жаза бастады. Олар жоғары сынып оқушылары кіші сыныптағылардан ақша бопсалайтынын айтты. Олардың айтуынша, бұл жолғы төбелеске де ақша бопсалау жайы түрткі болған, ал оқиғаға қатысушылар екі емес, одан да көп. Болған жайт мектептің қауіпсіздік камераларына түсіп қалған, балалар да, олардың ата-аналары да аталған бейнежазбалар жойылып кетпейтін болар деп үміттенеді.