Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, мемлекеттік тас жолының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс ойнатылайын деп жатқанын білген ЖШС директоры оған қатыспақ болады. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу порталында балдық есептік көрсеткішке сәйкес жеңімпаз болып танылған. "Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" ММ-і мен ЖШС-нің арасында келісімшарт жасалып, оның шотына аванс жіберілген.
"ЖШС директорының сұрағына, жоғарыда көрсетілген келісімшарт бойынша аванстың қалған бөлігі қашан түсетінін сұраған кезде, басқарманың бас маманы уәкілетті тұлға бола отырып, алдау жолымен "аванс бөлігін төлеймін" деп 500 000 теңге сұраған. Басқарманың бас маманы Орал қаласының әкімшілік аумағына барып, "аванс бөлігін төлету үшін жүрмін" деп, ЖШС директорын алдап "Kaspi Bank" АҚ-дағы шотына 500 000 теңге аудартып алған", делінген сот хабарламасында.
Сот отырысы барысында сотталушы өз кінәсін мойындады.
Сот ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен оны кінәлі деп танып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 5 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл салу түрінде жаза тағайындады.