Ақмола облыстық ПД Зеренді ауданының тұрғыны YouTube-те инвестициядан табыс табу туралы жарнамаға қызығушылық танытқанын нақтылайды. Телефон нөмірін кері байланыс үшін қалдырғаннан кейін, оған бірден "кеңесші" қоңырау шалып, акциялармен сауда жасауға болатынын, ол үшін қосымшаға тіркелу керектігін және платформада жұмыс істеуді үйрететінін айтқан. Алдымен ер адам 100 доллар инвестициялайды, онысы екі күнде 160 долларға дейін өскен. AMS платформасының менеджері осы соманы шешіп бергеннен кейін жәбірленуші сеніміне ие болған.
Осыдан кейін кеңесші ауыл тұрғынын жалпы сомасы 6 млн 484 мың теңгеге түрлі банктерден ірі кредиттер алуға көндіреді. Ер адам бұл ақшаны 6-21 қараша аралығында AMS платформасына аударады. Алайда, ол қаражатты шешуге тырысқанда, аккаунт бұғатталады.
Полиция мұндай жағдайларды болдырмау үшін сақтық шараларын есте ұстауды ескертеді.
"Интернеттегі жарнамаларға сенбеңіз, әсіресе тез табыс табуға уәде беретіндерге. Қаржылық қызметтер туралы барлық ақпаратты ресми дереккөздер арқылы екі рет тексеріп алыңыз. Ешқашан бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз немесе инвестиция үшін несие алмаңыз. Лицензиясы бар, тұрақты жұмыс істеп тұрған платформаларды ғана пайдаланыңыз. Инвестиция жасамас бұрын кәсіби мамандармен кеңесуді ұмытпаңыз. Есіңізде болсын: жоғары кірісті және минималды тәуекелді ұсыныстар, көбінесе алаяқтық болып табылады". Ақмола облысы ПД