ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 4 маусым күні №7 бағыттағы автобустың кондукторы көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған. Баланың қауіпсіздігіне алаңдаған ол бүлдіршінді автобус салонына кіргізіп, бірден "102" арнасына хабар берген. Оқиға орнына келген ювеналдық полиция қызметкерлері баланы өз қарауына алды. Алайда бүлдіршін өзінің тұрғылықты мекенжайын немесе ата-анасы туралы нақты ақпаратты айта алмаған. Осыған байланысты оның заңды өкілдерін анықтау үшін полицияның барлық сыртқы қызметтері жұмылдырылды.
"Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары оны көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Дегенмен көп ұзамай оның ата-анасы анықталып, бүлдіршін медициналық мекемеге орналастырылмай-ақ отбасына қайтарылды. Тексеру барысында анасының жұмысқа кеткені, ал әкесінің екі кішкентай баласымен бірге ұйықтап жатқан кезде үш жасар баланың ерте оянып, үйден өз бетінше шығып кеткені белгілі болды. Оның көшедегі "саяхаты" шамамен екі сағатқа созылған. Осы дерек бойынша әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды", делінген хабарламада.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері отбасының тұрмыс жағдайын тексеріп, ата-аналармен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұған дейін Қазақстанның оңтүстігінде жоғалып кеткен қыздың денесі табылғаны хабарланған.