Бұл туралы 2026 жылы 13 тамызда орталықтың ресми Telegram арнасында хабарланды:
"Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы мессенджерлердегі чаттарда 2026 жылғы қараша айынан 2027 жылғы ақпан айына дейін Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ Қарулы Күштерінің қызметкерлерін жұмыстан босатуға және кадрлық ауыс-түйістерге толық тыйым салынады деген мазмұндағы мәтіннің таралуын тіркеді".
Ақпараттың шынайылығына көз жеткізу үшін оның авторлары Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 3 маусымдағы №295-VIII "Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына сілтеме жасағаны нақтыланады.
Сурет: Telegram/JAQortcomkz
"Аталған заңның бар екені рас болғанымен, онда мұндай ережелер көзделмеген. Заңда көрсетілген кезеңге жұмыстан босатуға, ауыстыруға, тағайындауға немесе өзге де кадрлық ауыс-түйістерге мораторий енгізу туралы нормалар жоқ". Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы
Ақпараттың шынайы еместігінің тағы бір белгісі – таратылып жатқан мәтінде құжаттың міндетті деректемелерінің көрсетілмеуі. Атап айтқанда, өкім шығарған мемлекеттік орган, құжаттың күні мен нөмірі, мораторий енгізуге негіз болатын заңнаманың нақты нормасы, сондай-ақ тапсырма кімнің атынан берілгені көрсетілмеген.
"Осылайша, бұл жағдайда нақты нормативтік құқықтық акт оның құрамында жоқ ақпараттың шынайылығына көз жеткізу құралы ретінде пайдаланылған". Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы осындай хабарламаларды дереккөзі мен құжаттың деректемелерін ресми мемлекеттік ақпараттық ресурстар арқылы тексермей таратпауға кеңес береді.