Атап айтқанда, қағидалар жаңа талапта жазылды.
Жануарларға арналған панажай – өмірі мен денсаулығына қауіп төнген, қараусыз және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ Қазақстан азаматтарынан, жеке кәсіпкерлерден және заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (серік жануарларды) ұстауға арналған әрі арнайы жабдықталған мүліктік кешен.
Панажайлар жануарларды иесімен немесе жауапты тұлғамен жасалған келісім негізінде уақытша ұстау (орналастыру), сондай-ақ ветеринариялық және басқа да қызметтер көрсету бойынша жұмыс істейді.
Панажайлар жануардың иесінен немесе жауапты тұлғасынан оны ұстауға кеткен шығындарды, сондай-ақ қажет болған жағдайда көрсетілген ветеринариялық қызметтердің құнын өтеуді талап етуге құқылы.
Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жануарларға арналған панажайларды салуды және ұстауды ұйымдастырады.
Жануарларды уақытша ұстау пункттері
Жануарларды уақытша ұстау пункттері табылған, ұсталған қараусыз және қаңғыбас жануарларды, иелері немесе жауапты тұлғалар оларды бұдан әрі асыраудан бас тартуына байланысты тапсырған үй жануарларын (серік жануарларды), сондай-ақ Қазақстан азаматтарынан, жеке кәсіпкерлерден және заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген жануарларды уақытша ұстаумен айналысады.
Жануарларды уақытша ұстау пункті жеке нысан ретінде жұмыс істей алады немесе жануарларға арналған панажай аумағында орналасуы мүмкін.
Деректер базасына мәліметтерді енгізуді панажайдың немесе жануарларды уақытша ұстау пунктінің иесі есепке қою үшін электрондық өтініш толтыру арқылы жүзеге асырады.
Электрондық өтінішке панажайдың немесе уақытша ұстау пунктінің иесі өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қояды.
Электрондық өтініште мынадай мәліметтер көрсетіледі:
- панажай немесе уақытша ұстау пунктінің иесі болып табылатын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты және жеке сәйкестендіру нөмірі немесе заңды тұлғаның атауы мен бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
- панажайдың немесе уақытша ұстау пунктінің атауы;
- панажайдың немесе уақытша ұстау пунктінің орналасқан жерінің мекенжайы;
- панажайдың немесе уақытша ұстау пунктінің сыйымдылығы;
- панажайдың немесе уақытша ұстау пунктінің жабдықталуы туралы мәліметтер;
- панажайдағы немесе уақытша ұстау пунктіндегі мамандар саны туралы мәліметтер;
- панажайда немесе уақытша ұстау пунктінде нақты саны бар жануарлар туралы мәлімет.
Астана, республикалық маңызы бар қала, аудан немесе облыстық маңызы бар қала жергілікті атқарушы органы панажай немесе уақытша ұстау пункті иесінің электрондық өтінішінде көрсетілген мәліметтерді үш жұмыс күні ішінде қарайды.
Электрондық өтініште көрсетілген мәліметтердің толық еместігі анықталған жағдайда, тиісті жергілікті атқарушы орган өтінішті деректер базасында қараудан бас тартады.
Электрондық өтініш оң шешіммен қаралған жағдайда, панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне деректер базасында тіркеу нөмірі беріледі.
Панажай немесе уақытша ұстау пункті өз қызметін тоқтатқан жағдайда, оның иесі қабылданған шешім туралы деректер базасына электрондық өтініш беру арқылы жергілікті атқарушы органға хабарлайды.
Жануарларды панажайға қабылдау тәртібі
Жануар панажайға Қазақстан азаматтарының, жеке кәсіпкерлердің немесе заңды тұлғалардың өтініші бойынша қабылданады немесе қараусыз жануарларды аулау қызметі арқылы жеткізіледі. Қабылданған жануарды панажай иесі деректер базасында тіркейді.
Жануар уақытша ұстау пунктіне табылған, ұсталған қараусыз және қаңғыбас жануарлар, иелері немесе жауапты тұлғалар одан әрі асыраудан бас тартуына байланысты тапсырған үй жануарлары, сондай-ақ Қазақстан азаматтарынан, жеке кәсіпкерлерден және заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген жануарлар түскен кезде қабылданады. Жануарды пункт иесі деректер базасында тіркейді.
Жануарды панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне тапсырған кезде мынадай құжаттар ұсынылады:
- белгіленген нысандағы өтініш;
- үй жануарының паспорты.
Егер үй жануарын (серік жануарды) иесі немесе жауапты тұлға оны бұдан әрі асыраудан бас тартуына байланысты уақытша ұстау пунктіне тапсырса, жануардың заңды мәртебесі анықталғанға дейін оны ұстауға кеткен шығындарды иесі немесе жауапты тұлға өтейді.
Жануар панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне бос орын болған жағдайда қабылданады. Одан кейін жануар туралы мәліметтер деректер базасына енгізіліп, жануарды қабылдау-тапсыру актісі рәсімделеді.
Жануар түскен кезде панажай немесе уақытша ұстау пунктінің қызметкері оны алғашқы ветеринариялық тексеруге жібереді.
Ветеринариялық тексеру нәтижесі бойынша ветеринариялық дәрігер деректер базасында жануарды ветеринариялық тексеру туралы электрондық акт жасайды.
Электрондық актіде жануардың түрі, жынысы, тұқымы, сыртқы ерекшеліктері, денсаулық жағдайы, жұқпалы және басқа да аурулардың белгілері бар-жоғы көрсетіледі.
Егер ветеринариялық дәрігер жануардан жұқпалы немесе басқа да аурулардың белгілерін анықтаса, жануар карантиндік орынға орналастырылады.
Жануарға шұғыл ветеринариялық көмек қажет болған жағдайда, ол карантин мерзіміне арналған кезеңге шұғыл ветеринариялық көмек көрсету үшін изоляторға жіберіледі.
Жануардың панажайдан немесе уақытша ұстау пунктінен шығарылғаны туралы, сондай-ақ жануардың өлгені туралы ақпаратты панажайдың немесе уақытша ұстау пунктінің иесі деректер базасында тіркейді.
Жергілікті атқарушы органдар заңнамада белгіленген тәртіппен жеке панажайларды бірлесіп қаржыландыруға құқылы.
Жануарлардың иесін іздеу
Табылған, ұсталған қараусыз немесе қаңғыбас жануар панажайға немесе уақытша ұстау пунктіне түскен кезде оның мамандары жануардың иесін іздейді. Иесі табылған жағдайда жануар бұрынғы иесіне қайтарылады немесе жаңа иесіне беріледі.
Үй жануарын (серік жануарды) иесі немесе жауапты тұлға одан әрі асыраудан бас тартуына байланысты уақытша ұстау пунктіне тапсырған жағдайда, пункт иесі жануарды жаңа иесіне беру бойынша шаралар қабылдайды.
Жануарды бұрынғы иесіне қайтару немесе жаңа иесіне беру өтініш негізінде жүзеге асырылады.
Панажайлар мен уақытша ұстау пункттерінің иелері жануардың бұрынғы немесе жаңа иесін мынадай жолдармен іздейді:
- жануар туралы мәліметтерді деректер базасына орналастыру;
- жоғалған жануардың табылғаны туралы деректер базасындағы ақпарат арқылы оның иесіне хабарлау;
- еріктілер арқылы қоғамға ақпарат тарату.
Тиісті жергілікті атқарушы орган панажайлардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді және жануарларды жаңа иелеріне беруге, жоғалған жануарлардың иелерін іздеуге, үй жануарларын стерилизациялау қажеттігі туралы ақпараттандыруға бағытталған әлеуметтік жарнаманы ұйымдастырады.
Жануардың панажайдан немесе уақытша ұстау пунктінен бұрынғы немесе жаңа иесіне берілгені деректер базасында тіркеледі.
Бұйрық 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Бұған дейін жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы қоғамдық бақылауға қатысты ережелер нақтыланғаны туралы жазғанболатынбыз.