Соңғы үш жылда елде кибералаяқтық деректері 40%-ға азайған, қылмыстардың ашылу көрсеткіші 29,9%-ға өскен. Ал зардап шеккендерге 5,9 млрд теңге өтелген.
Соңғы жылдары алаяқтықтан зардап шеккендерге миллиардтаған теңге қайтарылды. Ұлттық банктің Антифрод-орталығының көмегімен 117 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталған. Сондай-ақ дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Заңнама мен азаматтарды қорғау саласында қандай өзгерістер болды?
- Жеке деректерді қорғау конституциялық деңгейде бекітілді.
- Медициналық, банктік және басқа да маңызды деректер сақталатын базаларға қол жеткізу үшін міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілді.
- Ұйымдар деректердің таралып кеткені туралы азаматтарға хабарлауға міндетті. Еңбек кодексіне қызметкерлерді кибергигиенаға үйрету жөніндегі нормалар енгізілді.
- Ал аса маңызды нысандардың қорғалуын бақылау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді.
Азаматтарға арналған пайдалы әрі тегін сервистер:
- eGov Mobile қосымшасындағы "Стоп-кредит" – несие алудан ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік береді. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бұл сервис 6,3 млн рет пайдаланылған.
- eGov жүйесіндегі қолжетімділікті бақылау сервисі – деректерді өңдеуге берілген келісімдерді тексеруге және кері қайтарып алуға мүмкіндік береді.
- NomadGuard – деректердің таралып кетуін және фишингті тексеруге арналған сервис.
- eGov пен CitizenSec платформасындағы курстар – киберсауаттылықты арттыруға көмектеседі.
Қазақстандықтар есте сақтауы керек басты ереже:
"SMS-кодтар мен құпиясөздерді ешкімге бермеңіз, сілтемелерді тексеріп, екі факторлы аутентификацияны қосыңыз!"
Айта кетейік, 2026 жылғы 9 қазанда пошта арқылы келген "сыйлық" Қазақстан тұрғынына 5 млн теңгеге жуық шығын әкеле жаздағаны белгілі болды. 59 жастағы әйелге қызметтен тыс уақытта көмекке келген полицей алаяқтықтың алдын алды.