«Ағымдағы жылы жоба аясында колледжге қабылдау үштен бірге артып, бағдарлама есебінен қосымша түскендердің саны 21 мың адамға жетті. Бағдарламаға қатысушыларға шәкіртақы, бір реттік ыстық тамақ және жол шығыны қарастырылған. Аталған бағдарламаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлініп, жергілікті бюджетке жіберілді. Жоба аясында, сонымен қатар, қысқа мерзімді курстарда оқыту да жүргізілуде. Ағымдағы жылы 71 мың адамды қабылдау жоспарлануда. Бүгінгі күні қысқа мерзімді оқуға 61 мың адам жіберілді», - деді Ерлан Сағадиев.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Аталған жобамен 15088 адам қамтылып, оның 2300-ден астам өз істерін ашуға және бизнестерін кеңейтуге несие алды», - деді ол.
Талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев негізгі мәселе жұмысқа орналастыру екендігін баса айта келе: «Бастау бизнес» жобасы қанша адам оқыса, сонша несие беру керек дегенді білдірмейді. Олардың барлығы бірдей кәсіпкер болуы мүмкін емес. Дегенмен, берілетін шағын несие көлемін арттыру қажет. Министрліктермен, «Атамекенмен» қажетті шараларды қабылдау керек», - деді Премьер-Министр.
Фото: inform.kz