Бүгін Ақтау қаласында «Жастар керуені» жобасының жұмысы қорытындыланып, көштің эстафетасы Батыс Қазақстан облысына табыс етілді. Алдағы уақытта жастар көші еліміздің барлық өңірлерін аралап, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттайды.
Республика бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру – Жастар керуені» Батыс Қазақстан облысына қарай жолға шықты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес аталмыш көш өз жұмысын он бес күн бұрын, яғни 1 қарашада Жаңаөзен қаласынан бастаған.
Керуен Маңғыстау облысының 1 қаласы мен 5 ауданына қарасты 56 елдімекенді, оның ішінде шалғай ауылдардағы жастарды қамтып, тұрғындар арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын мақсат-міндеттер мен жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталмыш жобаның негізгі мақсаты – аймақ тұрғындарына мемлекеттік саясатты түсіндіру, жастарды қолдау, халық игілігіне арналған түрлі қызметтер мен мол мүмкіндіктерді ұсынатын мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және өзекті мәселелер бойынша жастарға ақпараттық-әдістемелік көмек көрсету болды.
Керуенді өткізуарқылы «Қазақстан-2020: болашаққа жол» 2020 жылға дейінгі ҚР мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын іске асырудың және мемлекет басшысының - «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асырудың негізгі бағыттарын көрсету көзделді.
Керуен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді моделін қалыптастыруды, өңірлердегі жастармен жүйелі жұмыс істеуді жолға қою мақсатын орындауға бағытталды.
Керуен жұмысы өңірдегі өзекті деген бірнеше мәселені шешуге бағытталған.
- жастарды жұмыспен қамту;
- тұрғын үй алуға жәрдемдесу және жатақханамен қамтамасыз ету;
- діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу;
- кәсіптік бағдар беру;
- жастардың бизнес бастамашылдығын қолдау;
- цифрлы технологияларды түсіндіру;
- патриоттық тәрбие мен еріктілік;
- салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Облыстың 1 қаласы мен 5 ауданына қарасты 56 елді мекенді қамтыған (Ақтау қаласын қоспағанда) «Рухани жаңғыру – жастар керуені» аясындағы шараларға 5000 жуық жастар қатысты. 4000 жуық жас жоғарыда аталған бағыттар бойынша консультациялық кеңестер алды.