Алакөл жағасында бес жұлдызды қонақ үй салынады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтты, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Біз өткен жылы Алакөлде жұмыстың алғашқы кезеңін жүргізіп, абаттандыруға 500 млн теңге жұмсадық. Алакөлге алматылықтар мен өзге де облыстан адамдар оңай жетуі үшін Жалаңашкөл стансасы мен Қабанбай ауылының арасындағы жолға 1,3 млрд теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы да бұл бағытта қомақты қаражат бөлінетін болады. Үлкен жұмыстың атқарылғанына Алакөлде демалғандардың өздері куә. Жуық арада ол жаққа 5 жұлдызды қонақ үй саламыз», - дейді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында Даниал Ахметов.
Сонымен бірге, ШҚО әкімі «Өскемен - Жалаңашкөл», «Семей - Жалаңашкөл» арасында темір жол салынатынын атап өтті. Оның айтуынша, Алакөлге қытайлық туристердің келуіне де жайлы жағдайлар жасалып жатыр.
«Алакөлмен қатар, Сібе аумағындағы демалыс орындарына 1 млрд теңге бөлінді. Бұқтырма су қоймасында да жұмыстар қарқынды жүруде. Келесі жылы біз автокөлік жолдарының барлығын жөндеуді аяқтаймыз. Осылайша, өңіріміздің 300 мың тұрғыны демалыстарын көңілді өткізе алады», - дейді Ахметов.
Фото: grandevoyage.kz